Advanta.kz school: шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз
38 жылдық педагогикалық тәжірибе, білім додаларында топ жарған шәкірттер және балаға деген шексіз сенім. Advanta.kz school мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Жұмасатова Ғайни Ықсанқызының ұстаздық жолы осы құндылықтармен сабақтас.
Бастауыш сынып мұғалімі баланың алғашқы сауатын ашып, білімге деген қызығушылығын оятады. Әріп танытып, есеп үйретумен қатар, өзіне сенуге, ойын еркін жеткізуге және ізденуге баулиды. Advanta.kz school ұстазы Ғайни Ықсанқызы үшін әр оқушының қабілетін байқап, оның дамуына қолдау көрсету — ұстаздық қызметінің басты мұраты.
Ғайни Ықсанқызы 1963 жылы 19 мамырда дүниеге келген. Жоғары білімді маман 1986 жылы Атырау педагогикалық институтын тәмамдаған. Бүгінде білім беру саласындағы еңбек өтілі — 38 жыл. Біліктілік санаты — педагог-зерттеуші.
1 «Г» сыныбына жетекшілік еткен тәжірибелі ұстаз қазіргі таңда Advanta.kz school мектебіндегі 2 «Есім хан» сыныбының жетекшісі ретінде шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп келеді.
Әр баланың жүрегіне жол табу
«Әр баланың жүрегінің кілтін тауып, өз жүрегімнің бір бөлігін оларға сыйлау» — Ғайни Ықсанқызының педагогикалық ұстанымы.
Ұстаз ең алдымен балаға сенуді, оның жеке тұлғасын құрметтеуді және жетістікке жетуіне көмектесуді маңызды санайды. Оның түсінігінде оқушы дайын ақпаратты қабылдаумен шектелмей, үнемі ізденіп, өзі үшін жаңалық ашуы керек. Ал мұғалімнің міндеті — алған білімін түсініп, өмірде қолдана білуіне бағыт беру.
Бұл ұстаным Advanta.kz school мектебіндегі күнделікті жұмысында да жалғасын табуда. Ғайни Ықсанқызы бастауыш кезеңдегі берік білім мен жылы қарым-қатынас баланың алдағы оқу жолына сенімді негіз қалайды деп біледі.
Ұстаз еңбегінің жалғасы — шәкірт жетістігі
Ғайни Ықсанқызының шәкірттері арасында «Алтын белгі» және үздік аттестат иегерлері бар. Соның ішінде 2025–2026 оқу жылында ұстаздың бастауыш сыныпта оқытқан шәкірті Қалабаева Жаннұр «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл — алғашқы білім баспалдағында қаланған негіздің жылдар өте үлкен жетістікке ұласқанын көрсететін қуанышты нәтиже.
Тәжірибелі педагог халықаралық және республикалық деңгейдегі «Пони», «Кенгуру», «Ақ бота» зияткерлік сайыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған. Оқушының ізденісін қолдап, қабілетін дамытуға бағытталған осы еңбегі Advanta.kz school мектебінде де жалғасып келеді.
Кәсіби ізденіс пен еңбектің бағасы
Ғайни Ықсанқызы — қалалық және облыстық «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпазы. Сондай-ақ «Үздік педагог» шығармашылық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталған.
Білім беру саласындағы еңбегі үшін ұстазға түрлі дипломдар мен алғыс хаттар табысталған. Олардың қатарында:
- 2023 жылғы Маңғыстау облыстық мәслихатының Алғыс хаты;
- Ақтау қалалық білім бөлімінің Алғыс хаты;
- 2024 жылғы Маңғыстау облыстық қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы бар.
Әр марапаттың артында үздіксіз ізденіс, сабаққа дайындық және шәкіртінің болашағына деген жауапкершілік жатыр.
Advanta.kz school үшін Ғайни Ықсанқызы сынды тәжірибелі мамандардың еңбегі қымбат. Балаға сенім артып, оның кішкентай қадамын үлкен жетістікке бастай білетін ұстаз бүгінде 2 «Есім хан» сыныбының оқушыларына білім әлемінің есігін ашып келеді.


