Ұстазға құрмет — шәкірттен алғыс
Advanta.kz school мектебінде Ұстаздар күніне арналған «Ұстазым — ұлағатым, үлгі-өнегем» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны мектептің PR бөлімінің басшысы Дауренбекова Алина Арманқызы ұйымдастырып, ұстаздарға ерекше көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады.
Ұстаз еңбегін ұлықтаған кеш ән мен биге, шынайы алғыс пен ақ тілектерге толы болды. Күн сайын шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, олардың болашағына бағыт-бағдар көрсетіп жүрген мұғалімдер бұл жолы көрермен қатарынан орын алып, өздеріне арналған өнер бағдарламасын тамашалады. Мерекелік безендірілген зал мен сахна салтанатты шараның көркін аша түсті.
Концерт барысында Advanta.kz school оқушылары ұстаздарына деген құрметі мен ризашылығын өнер арқылы жеткізді. Оқушылардың топ болып ән шырқауы, көңілді билері және жүргізушілердің жүрекжарды лебіздері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, 11-сынып оқушыларының әсерлі биі кештің ең жарқын сәттерінің біріне айналып, ұстаздарға ерекше қуаныш сыйлады.
Мектептің жас мамандары да мерекеден тыс қалмай, ұстаздарға арналған ізгі тілектерін әсем әнмен жеткізді. Әріптестеріне деген құрмет пен шынайы ықыласқа толы музыкалық құттықтау ұжым арасындағы бірлік пен сыйластықтың жарқын көрінісі болды.
Мерекелік бағдарламаға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің өнерпаздары да қатысып, ұстаздарға өнерлерін тарту етті. Олардың орындауындағы әндер кештің шырайын кіргізіп, залға ерекше серпін берді. Әуезді әндерге қосылып, би билеген ұстаздар мерекелік көңіл күйді өнерпаздармен бірге бөлісті.
Advanta.kz school мектебінде өткен бұл концерт ұстаздарға деген құрметтің, шәкірт алғысының және мектеп қауымдастығының бірлігінің жарқын үлгісіне айналды. Оқушылардың өнері, жас мамандардың құттықтауы және арнайы келген өнерпаздардың тартуы ұстаздарға ұмытылмас әсер сыйлады.
Advanta.kz school ұжымы мерекелік концертке қатысқан 6656 әскери бөлімінің өнерпаздарына, оқушыларға, жас мамандарға және шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша жанға шынайы алғыс білдіреді.
Құрметті ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіздің жетістігі қуаныштарыңызды еселей берсін. Әр күніңіз құрметке, шабытқа және жағымды жаңалықтарға толы болсын!

